Қылмыс

«Қызылжар» клубының бұрынғы басшысы Григорий Лорияға іздеу жарияланды

Қаржылық мониторинг агенттігі Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны іздеуге берді. Оған сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету және салық төлеуден жалтару күдігі тағылып отыр.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Петропавлдағы «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға іздеу жариялады. Бұл туралы мәлімет Қазақстан Бас прокуратурасының құқықтық статистика порталына шыққан.

Іздестіру бастамасын Қаржылық мониторинг агенттігі көтерген, ал іздеуді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр.

Бұрынғы спорттық функционерге сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтару күдігі келтіріліп отыр.

Qazaqstan Media мәліметінше, 5 қарашада Григорий Лорияны СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 245-бабы 3-бөлігі бойынша іс-әрекетке құқықтық баға беру үшін шақырған. Алайда ол департаментке келмеген.

Осыдан кейін 6 қарашада Петропавлдың мамандандырылған тергеу сотында тергеушінің қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініші қаралған. 7 қарашада Лорияға іздеу ісі тіркелгені белгілі болды.

Григорий Лория «Қызылжар» футбол клубын 2014 жылдан 2024 жылдың наурызына дейін басқарған. Оның ұлы, ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы Давид Лория маусым айында елордалық «Жеңіс» клубының бас директоры болып тағайындалған.

2024 жылы «Қызылжар» футбол клубында бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталған. Істердің біріне байланысты клубтың бухгалтері Ольга Замелацкая қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2026 жылдың қаңтарында сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған.