Қаржы

Дүниежүзілік банк: Қазақстанда кедейлік деңгейі екі онжылдықта күрт азайды

Дүниежүзілік банктің жаңа есебіне сәйкес, Қазақстанда ұлттық кедейлік шегінен төмен өмір сүретін халық үлесі 2006 жылғы 18,2%-дан 2025 жылы 4,9%-ға дейін түсті. Ұйым бұл өзгерісті негізінен еңбек табысының өсуімен байланыстырады.

Қазақстанда соңғы жиырма жылда кедейлік деңгейі төрт есеге жуық төмендеді. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Poverty & Equity Brief: Kazakhstan атты қазан айындағы есебінде айтылған.

Есепке сүйенсек, 2006 жылы ұлттық кедейлік шегінен төмен халық үлесі 18,2% болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 4,9%-ға дейін азайды. Осы кезеңде ұлттық кедейлік шегінен жоғары табыс алатын азаматтардың үлесі 81,8%-дан 95,1%-ға өскен.

Дүниежүзілік банк сарапшылары кедейліктің қысқаруын ең алдымен халық табысының, әсіресе еңбек ақысының өсуімен түсіндіреді. Оң динамика елдің барлық өңірінде байқалған.

Poverty and Inequality Platform деректеріне қарағанда, Қазақстанда сатып алу қабілетінің паритеті бойынша күніне 8,30 доллардан аз табыс табатындардың үлесі 2006 жылғы 55,7%-дан 2024 жылы 13,8%-ға дейін төмендеді. Кедейліктің жылдық орташа қысқару қарқыны шамамен 7,5% болған.

Табыстың теңсіздігі де азайған. Табыс бөлінісіндегі алшақтықты көрсететін Джини индексі 2024 жылы 30,2-ден 29 пунктке дейін түсті. Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері мен даму болжамдары Дүниежүзілік банктің Macro Poverty Outlook: Kazakhstan қазан айындағы санында да берілген.

Елде халық табысын арттыру жұмысы жалғасып жатыр. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген.

Жоспар бойынша, ең төменгі жалақының өсуі 29,4%-ды құрайды және шамамен 1,8 млн адамға, соның ішінде 370 мыңнан астам бюджет саласы қызметкеріне әсер етеді. Сонымен бірге сараптамада кедейлікті азайту үшін жаңа жұмыс орындары, кәсіби дағдыларды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру қажет екені айтылған.

Қазір Қазақстан экономикасында шамамен 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған, жұмыссыздық деңгейі 4,5% болып отыр. Соңғы бір жылда жалдамалы қызметкерлер саны шамамен 114 мыңға артқан.

Қосымша жұмыс орындары «Народная стройка» бағдарламасы аясында ашылуы мүмкін. 2029 жылға дейін Ұлттық қор есебінен инфрақұрылымды салу және жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл шамамен 100 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.