Қызылордада заңсыз криптоайырбастау ісі бойынша үкім шықты
Қызылорда облысында заңсыз криптовалюта саудасын ұйымдастырғандарға сот үкімі шығарылды. Тергеу барысында олардың 1 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз айналымға түсіргені анықталды.
Қызылорда облысында заңсыз криптоайырбастау қызметін ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Іс фигуранттары Binance платформасының P2P алаңы арқылы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс және тиісті рұқсатсыз 1 млрд теңгеден астам сомаға криптовалюта сатқан. Заңсыз криптоайырбастаудан түскен табыс 178 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар сотталғандардың біреуі есірткі саудасынан түскен ақшаны жылыстатумен айналысқан. Ол 600 млн теңгені қабылдау және аудару үшін өздерінің банк шоттарын берген дропперлерді тартқан. Кейін түскен қаражатты криптовалютаға айырбастап, оны есірткі сатушылардың әмияндарына жіберіп отырған.
Жалпы мұндай аударымдардың көлемі 277 мың USDT-ті, яғни шамамен 124,5 млн теңгені құраған. Қылмыстық табысқа грузовиктер мен тіркемелер сатып алынып, олар жақын туыстарының атына рәсімделген. Кейін көліктер коммерциялық қызметте пайдаланылып, заңды тұлғаларға жалға берілген.
Сот сотталғандарға 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ 4 бірлік арнайы техника және 1 млрд теңгеден астам қылмыстық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.