Білім

Абай облысында Президент Жолдауының басымдықтары талқыланды

Абай облысына барған делегация университет пен колледжде жастар, студенттер және педагогтермен кездесіп, Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарды түсіндірді. Кездесуде инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллект, инклюзия және ұстаз мәртебесін қорғау мәселелері көтерілді.

Абай облысында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов пен Құрылтай депутаты Айрат Базеновтен құралған делегация жұмыс сапарымен болып, жастармен және педагогтер қауымымен кездесті. Кездесулерде Президент Жолдауындағы негізгі бағыттар түсіндіріліп, оларды іске асыру жолдары талқыланды.

Алғашқы басқосу Шәкәрім университетінде өтіп, онда студенттер мен профессор-оқытушылар құрамымен ашық диалог ұйымдастырылды. Университет басқарма төрағасы Думан Орынбеков Жолдау төңірегіндегі қоғамдық талқылаудың маңызын атап өтті.

Нұртай Сабильянов өңір үшін өзекті инфрақұрылымдық мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, Семейде жол, баспана, сондай-ақ су мен жылу жүйесін тұрақты қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзектілігін сақтап отыр. Осыған байланысты Президент Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлу жөнінде тапсырма берген.

Айрат Базенов өз сөзінде жасанды интеллект пен цифрландырудың мүмкіндіктерін атап өтіп, бұл бағыттардың жас мамандар үшін жаңа жол ашатынын айтты. Кездесуде сондай-ақ жастардың кәсіби дамуы, кадр даярлау сапасы және олардың қоғам өміріне белсенді араласуы сөз болды.

Келесі кездесу Семей қаласындағы Бизнес және сервис колледжінде өтіп, педагогтер ұжымы мен әкімшілікпен әңгіме өрбіді. Нұртай Сабильянов білім беру саласының ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін айтып, педагогтердің құқығын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет екенін жеткізді.

Айрат Базенов инклюзивті білім берудің маңызын сөз етіп, 2026 жылғы 10 қазанға дейін педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау жөнінде кешенді ұсыныстар әзірлеу тапсырылғанын еске салды. Кездесуге қатысқан ұстаздар Жолдауда көтерілген бастамалар педагог мәртебесін нығайтуға және білім сапасын арттыруға ықпал ететінін айтты.