Технология

Astana Hub сегіз жылда 2 700 технологиялық компанияны біріктіріп, 6,7 млрд доллар табысқа жетті

Халықаралық инновациялық кластер Astana Hub сегіз жыл ішінде Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы IT және жасанды интеллект саласын дамытатын маңызды орталықтардың біріне айналды. Бүгінде оның экожүйесіне 2 700 компания кіреді. Ал қатысушылардың 2019 жылдан бергі жиынтық табысы 6,7 млрд долларға жеткен. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

6 қарашада Astana Hub құрылғанына сегіз жыл толды. Осы уақыт аралығында кластер технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, стартаптарды қолдауға, инвестиция тартуға және қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастырды.

Ұйымның мәліметінше, экожүйеге кіретін 2 700 компанияның 560-ы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейді. 2019 жылдан бері қатысушылардың жиынтық табысы 6,7 млрд долларды құраған. IT-қызметтер экспорты 2,4 млрд долларға жетсе, стартаптар 2 млрд доллардан астам инвестиция тартқан.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиұлының айтуынша, кластердің негізгі мақсаты – технологиялық нарықты кеңейтумен қатар, мамандардың, кәсіпкерлер мен инновациялық жобалардың дамуына жағдай жасау.

Сонымен бірге Astana Hub өңірлердегі IT-инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп келеді. Қазіргі уақытта кластер еліміздің әр аймағындағы 20 IT-хабты біріктіреді. Олар жергілікті технологиялық қауымдастықтарды қалыптастыруға, жаңа IT-мамандарды даярлауға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған.

Өңірлік хабтар ашылғалы бері 5 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 80 мың адам қатысқан. Сондай-ақ 700 стартаптың жобасы таныстырылған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және инновациялық жобаларды қолдау үшін Startup Orda, G-Ton және Smart City Accelerator бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.

2026 жылы технология саласындағы маңызды оқиғалардың қатарында Шымкентте өткен Digital Qazaqstan ұлттық форумы, Астанада ұйымдастырылған AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы және Қазақстанда алғаш рет өткізілген GITEX AI Kazakhstan көрмесі бар. Бұл іс-шаралар елдің халықаралық технологиялық байланыстарын нығайтуға, инвестиция тартуға және Қазақстанның өңірлік IT пен жасанды интеллект орталығы ретіндегі әлеуетін танытуға ықпал етті.

Биылғы тағы бір ірі оқиға – HackAlem AI хакатоны болды. Оған 2 415 адам қатысып, іс-шара Гиннестің рекордтар кітабына енді. Жобаға NVIDIA және OpenAI сияқты әлемдік технологиялық компаниялар серіктес ретінде қатысты.

Осылайша, сегіз жыл ішінде Astana Hub технологиялық компанияларды, инвесторларды, стартаптар мен IT-мамандарды біріктіретін ірі экожүйеге айналып, Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға үлес қосып келеді.