Степногорскіде 1,8 млрд теңгелік мемлекеттік сатып алудан заңбұзушылықтар анықталды
Степногорск қаласында қаланы күтіп-ұстау жұмыстарын жоспарлау кезінде бюджет заңнамасының талаптары бұзылған. Тексеру барысында сметалық құнның негізсіз көтерілгені, артық жұмыс көлемдері енгізілгені және бәсекелестікті шектейтін талаптар қойылғаны анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін 714 млн теңгені тиімсіз жұмсаудың алдын алды. Бұл туралы Newsroom.kz Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру нәтижесінде қала әкімдігі тарапынан жұмыстарды жоспарлау кезінде бірқатар заңбұзушылыққа жол берілгені белгілі болды. Атап айтқанда, кейбір қызметтердің құны негізсіз қымбаттатылып, қажеттілігі дәлелденбеген артық жұмыс көлемдері сметаға енгізілген. Сондай-ақ тиісті кезеңде орындалуы қажет емес жұмыстар да жоспарланған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу талаптарының кейбірі заңнамаға қайшы келіп, әлеуетті жеткізушілер арасындағы бәсекелестікті шектеген.
Прокуратураның қадағалау шараларынан кейін жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрайтын 21 мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылды. Сметалар қайта қаралып, негізсіз шығындар алынып тасталды. Нәтижесінде 714 млн теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Заңбұзушылықтарға байланысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.