Астанада жасанды интеллект қауіпсіздігіне арналған халықаралық саммит өтіп жатыр
Елордада «Жасанды интеллект қауіпсіздігі» тақырыбында Акаба процесінің саммиті басталды. Халықаралық жиынға бірқатар мемлекет басшылары, жоғары лауазымды тұлғалар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі II Абдалла, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып жатыр.
Сондай-ақ жиынға Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің төрайымы Сахиба Гафарова, Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар келген.
Кездесудің негізгі бағыты — жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту және жаңа технологиялардың таралуына байланысты туындайтын қатерлерге бірлесіп әрекет ету. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты нығайту, қауіп-қатерлердің алдын алу және қауіпсіздік саласындағы ортақ тәсілдерді қалыптастыру мәселелерін талқылауда.
Акаба процесі — терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күреске бағытталған халықаралық бастама. Оны 2015 жылы Иордания Королі II Абдалла ұсынған.
Бұл формат мемлекет басшыларын, арнайы қызметтер мен әскери ведомстволардың өкілдерін және халықаралық ұйымдарды бір алаңға жинайды. Басты мақсаты — тәжірибе алмасу, ортақ ұстаным қалыптастыру және халықаралық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен шараларды үйлестіру.