Қылмыс

19 жастағы Мадинаның өлімі: мәйіті қайта сараптама жүргізу үшін эксгумацияланды

Алматы облысында Жамбыл облысында көз жұмған 19 жастағы Мадина Рашидқызының (Авезованың) мәйіті эксгумацияланды. Қайта сот-медициналық сараптама тағайындауға марқұмның жақындары өтініш білдірген. Олар қыздың өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспей, алғашқы сараптама қорытындыларына күмән келтіріп отыр.

Бұл туралы заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, жәбірленуші тараптың өтініші негізінде Алматы қаласында қайталама комиссиялық сот-медициналық сараптама жүргізу туралы шешім қабылданған. Осыған байланысты марқұмның денесін эксгумациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен тиісті сала мамандары болған.

Заңгердің сөзінше, марқұмның туыстары алғашқы сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне сенбейді. Сондықтан олар қыздың қазасына қатысты мән-жайды қайта тексеруді талап етіп отыр.

Жамбыл облысының полиция департаменті Мадинаның өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

Марқұмның күйеуі бұл іс бойынша қорғау құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр.

Қыздың өлімінің нақты себептері тергеу амалдары мен тағайындалған қайталама сараптаманың қорытындысы бойынша анықталмақ.