Текеліде экскаватор жаяу жүргіншілер өткелінде қыз баланы қағып өлтірді
Жетісу облысының Текелі қаласында кәмелетке толмаған қызды доңғалақты экскаватор қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Newsroom.kz Жетісу облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Volvo маркалы доңғалақты экскаватордың жүргізушісі қиылыстан өту кезінде жолдың белгіленген жолағымен өтіп бара жатқан қыз баланы қағып кеткен.
Ауыр жарақат алған кәмелетке толмаған бала оқиға орнында қайтыс болды.
Арнайы техниканың жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Істің тергелуі облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында.