Қызылордада Президент Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды
Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіруге арналған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері өтті. Жиындарға мемлекеттік органдардың өкілдері, Құрылтай депутаты, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері қатысты.Бұл туралы Newsroom.kz
Алғашқы басқосу «Достық үйінде» ұйымдастырылып, оған зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесуде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов пен Жанар Бимұратқызы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет сөз сөйледі.
Бұдан кейін «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында» энергетика саласының ардагерлері мен жұмысшы мамандарымен кездесу өтті. Оған Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров және облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов қатысты.
Кездесулер барысында Жолдауда көтерілген экономикалық және әлеуметтік реформалардың негізгі бағыттары сөз болды. Атап айтқанда, болашақ экономикасының құқықтық негізін қалыптастыру үшін жаңа Азаматтық кодекс қабылдаудың маңызы түсіндірілді. Бұл құжат экономикалық қатынастарды жаңғыртуға, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтардың экономикалық дербестігін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелері талқыланды.
Энергетикалық қауіпсіздікке де ерекше назар аударылды. Жиынға қатысушылар елдің электр энергиясына деген қажеттілігін тұрақты қамтамасыз ету және өндіріс көлемін арттыру мәселелерін қозғады. Мемлекет басшысы қойған 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жету міндеті де назардан тыс қалмады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетіне берген бағасы атап өтілді. Күрделі климаттық жағдайға қарамастан, жергілікті шаруалардың жүгері мен соя өсіруде қол жеткізіп жатқан нәтижелері сөз болды.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлерге қойылатын әкімшілік талаптарды азайту, мемлекеттік бақылауды жетілдіру және кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты үш жылдық мораторий бастамасының артықшылықтары талқыланды.
Жиындарда қоғамдық келісімді сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдағы идеологиялық тұрақтылықты нығайту мәселелері де қамтылды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері баяндама жасап, қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Өз кезегінде кездесуге келгендер ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының Қызылорда облысындағы жұмысы жалғасады. Алдағы уақытта топ мүшелері кәсіпкерлермен, білім беру саласының өкілдерімен және аудан тұрғындарымен кездесіп, Жолдауда белгіленген міндеттерді түсіндіруді жоспарлап отыр.