ЗжТ

Қазақстанда күшті әсер ететін дәрілердің заңсыз саудасына қатысы бар 21 адам ұсталды

Қазақстанның бірнеше өңірінде күшті әсер ететін дәрілік препараттарды заңсыз сату деректеріне қатысты арнайы операциялар жүргізілді. Нәтижесінде құқық қорғау органдары 21 күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Ақмола облысында өткен операция барысында Көкшетау, Щучинск және Бурабай қалаларында 11 адам ұсталған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олардың қатарында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, сондай-ақ дәрі-дәрмек тасымалдаумен айналысқан курьерлер бар.

Тінту кезінде полицейлер 50 мыңнан астам «Тропикамид» препараты құйылған құты мен басқа да дәрілік заттардың шамамен төрт мың данасын тәркіледі. Сонымен қатар қару-жарақ, оқ-дәрілер, автокөліктер және ірі көлемдегі ақша қаражаты табылған.

Заңсыз айналымға қатысты тағы бір операция Қарағанды мен Теміртауда өтті. Бұл жолы 10 адам ұсталды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілердің арасында психотроптық препараттарды сатумен айналысқан қылмыстық орта өкілдері де болған.

Аталған тұлғалардан заңсыз заттар мен қару-жарақ та тәркіленді.

Қазіргі уақытта осы деректер бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері заңсыз саудаға қатысы болуы мүмкін өзге де адамдарды анықтап, істің барлық мән-жайын тексеруде.