Қаржы

Салық реформасының алғашқы жылы: Қазақстанда 227 мың жеке кәсіпкер азайды

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 227 мыңға қысқарды. Сараптама салық реформасынан кейін шағын бизнестің бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына өткенін көрсетеді.

2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 227 мыңға азайды. Былтыр дәл осы кезеңде көрсеткіш 101 мыңға өсіп, екі жылдың арасындағы айырма шамамен 328 мыңды құраған.

EnergyAnalytics мәліметіне сәйкес, ең күрт төмендеу сәуір айында тіркелген: бір айда 93 мың кәсіпкер азайған. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда елде 1,88 млн жеке кәсіпкер болса, 1 қазанда олардың саны 1,65 млн-ға түскен. Ұлттық экономика министрлігі өз есебінде сальдо шамамен минус 114 мың болғанын көрсетеді: 356 мың жеке кәсіпкер жабылып, 242 мыңы қайта тіркелген.

Солардың әр бесеуінің бірі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өткен. Тағы 43%-ының 2025 жылы-ақ табысы болмағаны айтылған.

Салық реформасы бюджет кірісін арттыру мақсатын көздеген еді: қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға көтерілді, міндетті тіркеу шегі екі есе қысқарып, 10 000 АЕК-ке, яғни 43,25 млн теңгеге дейін төмендеді. 2026 жылғы бюджетте 10 трлн теңге қосылған құн салығы қарастырылған, бұл бір жыл бұрынғы деңгейден шамамен 4 трлн теңгеге көп. Алайда тоғыз айда 5,9 трлн теңге жиналып, жоспардың 90%-ы ғана орындалған; Қаржы министрлігі жылдық болжамды 2-2,2 трлн теңгеге төмендетті.

Президент 28 қазандағы Жолдауында Салық кодексін өзгертуге болады деп атап өтіп, нақты түзетулер пакетін дайындауды тапсырды. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске үш жылдық тексеру мораторийін талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан бұзушылықтар 34%-ға азайғанымен, айыппұл сомасы шамамен 11%-ға өскен, ал жоспардан тыс тексерулер ондаған есе көбейген.