Қазақстанға кіру ережелері өзгереді
Қазақстанға визасыз режиммен келетін шетел азаматтарына арналған QazETA электронды рұқсатын енгізу басталды. Жаңа талаптар 24 қазаннан бастап қолданысқа енді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
FlyArystan әуе компаниясының мәліметінше, QazETA рұқсаты тегін рәсімделеді және 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады. Өтінішті елге келу жоспарланған күннен кемінде 72 сағат бұрын беру қажет.
Жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. 1 қарашадан бастап рұқсаттың бар-жоғы Ақтау халықаралық әуежайында, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Астана мен Алматы әуежайларында, ал 1 наурыздан бастап қалған өткізу бекеттерінде тексеріледі.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап QazETA рұқсаты міндетті болады. Онсыз шетел азаматтарына Қазақстанға кіруге рұқсат берілмейді.
Бұл талап 16 жасқа толмаған балаларға, 65 жастан асқан адамдарға, қолданыстағы визасы немесе Қазақстанда тұруға рұқсаты бар шетелдіктерге, сондай-ақ әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын жолаушыларға қолданылмайды. Жалпы, рұқсат рәсімдеуден босатылатын 29 санат қарастырылған.