Вучичтің партиясы сайлауда студенттер қозғалысынан жеңілді
Сербияда студенттер бастаған «Student List» қозғалысы мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауында 52,7% дауыс жинады. Ал президент Александр Вучич бастаған Сербия прогрессивті партиясы альянсы 39,2% дауыс алды. Вучич сайлауда жеңілгенін мойындады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Алдын ала нәтижелер бойынша, студенттер қолдаған кандидаттар парламенттегі 250 орынның 139-ын иеленуі мүмкін. Ал Вучич бастаған саяси күш 97 орынға ие болады деп күтілуде. Дауыс санау аяқталғанға дейін бұл көрсеткіштер алдын ала нәтиже ретінде жарияланды.
Сербиядағы жаппай наразылықтар 2024 жылғы 1 қарашада Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының шатыры опырылып, 16 адам қаза тапқаннан кейін басталды. Қоғам өкілдері оқиғаға байланысты жемқорлық пен бақылаудың жеткіліксіздігін сынға алып, кінәлілерді жауапқа тартуды және вокзалды жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттарды жариялауды талап етті.
Бастапқыда студенттер ұйымдастырған наразылықтар кейін елдің басқа қалаларына да тарады. Қозғалыс екі жылға жуық уақыт бойы сыбайлас жемқорлықпен күресуді, мемлекеттік институттардың ашықтығын қамтамасыз етуді және заң үстемдігін нығайтуды талап етті. Кейін қозғалыс мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді де талап етті.
25 қазанда өткен сайлаудан кейін Белград, Нови-Сад және басқа қалалардың тұрғындары көшеге шығып, студенттер қолдаған кандидаттардың жеңісін атап өтті. Президент Александр Вучич те өз партиясының штаб-пәтерінде сайлауда жеңілгенін мойындады.
Дегенмен, студенттер қозғалысының жеңісінен кейін елдің жаңа үкіметін кім басқаратыны әзірге белгісіз. Қозғалыс дәстүрлі саяси партия ретінде емес, түрлі сала өкілдері кірген кандидаттар тізімі ретінде сайлауға қатысты. Ендігі кезекте жаңа парламенттің құрамы бекітіліп, үкімет жасақталуы тиіс.