Ыстанбұлда қазақстандық қыздың өліміне қатысты тергеу басталды
Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың қаза табуына байланысты тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды
Қайғылы оқиға 25 қазан күні Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Түркиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 26 жастағы қыз өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы пәтердің балконынан көршілес ғимараттың шатырына өтпек болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол ғимараттардың арасындағы бос кеңістікті жауып тұрған қалқаға аяқ басқан. Алайда құрылым оның салмағына шыдамай, бойжеткен төменге құлаған. Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтаған. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген.
СІМ не дейді?
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов қазақстандық азаматшаның қаза тапқанын растады. Оның айтуынша, Қазақстан дипломаттары марқұмның туыстарымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, Түркияның құзыретті органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеу жүргізіп жатыр. Бұл мәселе Қазақстан СІМ-нің бақылауында.