Аймақтар

Түркістан облысында мақта өңдеу қуаты артады

Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Отырар ауданындағы «Түркістан тоқыма» компаниясының тағы екі зауыты іске қосылып, кәсіпорынның өндірістік кешені толық жұмысқа кірісті.

Жобаның жалпы құны 17,129 млрд теңгені құрайды. Алғашқы екі зауыт 2025 жылы ашылса, қалған екеуінің құрылысы биыл аяқталды. Өндіріс орындары «Turan» арнайы экономикалық аймағының 76,2 гектар аумағында орналасқан.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жаңа зауыттардың ашылуы жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашатынын атап өтті.

Кәсіпорындар жылына 320 мың тонна мақта өңдеп, 110 мың тонна талшық өндіре алады. Өндірістің толық іске қосылуы нәтижесінде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Зауыттарда мақтаны қабылдау мен тазалаудан бастап, кептіру, талшығын ажырату және қаптауға дейінгі барлық негізгі кезеңдер заманауи технологиялармен орындалады.

Мамандардың айтуынша, мұндай өндіріс орындары өңір экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және мақта шикізатынан қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейтуге ықпал етеді.