Воронежде дрон шабуылы: екі адам қаза тауып, бала жараланды
Ресейдің Воронеж облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының жаппай шабуылынан екі адам қаза тауып, тағы 17 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында бала да бар.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Воронеж облысының губернаторы Александр Гусевтің мәліметінше, өңірге түнде жаппай дрон шабуылы жасалған. Әуе кеңістігінде 113 ұшқышсыз ұшу аппараты анықталып, олардың 70-тен астамы атып түсірілген.
Губернатордың айтуынша, жараланғандардың едәуір бөлігі, соның ішінде ауыр жарақат алған екі адам Воронеж қаласының сол жағалау маңындағы бөлігінде қозғалып келе жатқан жолаушылар пойызында болған. Дрон сынықтары пойызға құлаған.
Ресей теміржолдарының мәліметінше, Анапа — Мәскеу бағытымен қатынайтын жолаушылар пойызының бір вагоны Сомово станциясында зақымданған. Алдын ала мәлімет бойынша, бес адам зардап шеккен. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиғаға байланысты Тресвятская — Сомово — Отрожка — Воронеж теміржол учаскесіндегі пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылған.
Бұдан бөлек, бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорында, Воронеж қаласының орталығындағы іскерлік орталықта, көпқабатты тұрғын үйде, екі саяжай аумағында, мектеп стадионында және гараж кооперативінде өрт шыққан.