Атырауда 34 жастағы мұғалімнің оқушы қызға жазған хаты дауға қалды
Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 34 жастағы мұғалімі 17 жастағы оқушы қызға жазған хабарламаларына байланысты тексеріске ілікті. Оқушының әпкесі олардың хат алмасуының скриншоттарын әлеуметтік желіде жариялаған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалім кешкі уақытта оқушыдан сабаққа не себепті келмегенін және тамақ ішкен-ішпегенін сұраған. Кейін ол қызға «Сені кездесуге шақырғым келген» деп жазған.
Алайда артынша мұғалім бұл сөздерін әзіл ретінде айтқанын түсіндіруге тырысқан. Оқушының әпкесінің айтуынша, ересектермен телефон арқылы сөйлескен кезде де педагог өз әрекетін ақтауға тырысқан.
Оқушының ата-анасы мектеп басшылығына жүгінген. Қыздың әкесі оқиғаның мән-жайын анықтап, ресми тексеру жүргізуді талап етпек.
Қазіргі уақытта полиция аталған жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның өзге мән-жайлары әзірге белгісіз.