Семейде жалған пәтер хабарландырулары арқылы ақша алған
Семей қаласында тәуліктік пәтер жалдау кезінде алаяқтық жасаған ер адамға 2 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Тергеу барысында Қазақстанның әртүрлі қалаларында жасалған 16 алаяқтық дерегі анықталды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, ер адам интернеттен алынған пәтер суреттерін пайдаланып, жалған хабарландырулар жариялаған. Ол тұрғын үйді тәулікке жалға беруді ұсынып, азаматтардан алдын ала төлем талап еткен.
Ақшаны алғаннан кейін күдікті жалға алушыларды бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. Қаражатты қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өзге адамдардың банк шоттарын пайдаланған.
Тергеу нәтижесінде алаяқтықтың 16 эпизоды анықталды. Сот ер адамға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.