Душанбеде халықаралық AI-кездесу өтеді
2026 жылғы 27–30 қазан аралығында Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Central Asia AI & Startup Networking Tour 2026 халықаралық жобасы ұйымдастырылады. Бастама Орталық Азия елдерінің технологиялық қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтып, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Іс-шараны Freedom IT Hub ұйымдастырады. Медиа серіктестері — She Innovator Eurasia және Newsroom.
Қазақстандық делегация құрамында PR және коммуникациялар саласының сарапшысы, She Innovator Eurasia негізін қалаушы Әлия Оразымбетова, медиа және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі маман Олжас Беркінбаев, AI-сарапшы әрі кәсіпкер Наталья Абрамова бар.
Тур аясында 28 қазанда жасанды интеллектіні PR саласында қолдану, стартаптардың мемлекеттік органдармен байланыс орнатуы және AI-контентті монетизациялау тақырыптарында шеберлік сабақтары өтеді. Сондай-ақ Freedom IT Hub резиденттері өз жобаларын сарапшыларға таныстырады.
29 қазанда делегация Management Development Institute of Singapore in Dushanbe университетіне барып, кәсіби кездесулерге қатысады. Ал 30 қазанда AI Conf 2026 Dushanbe конференциясында жасанды интеллектіні бизнес пен білім беруде қолдану, технологияларды басқару және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты — стартаптарға сараптамалық қолдау көрсету, жаңа серіктестіктер орнату және Орталық Азия елдері арасында бірлескен технологиялық жобалардың дамуына мүмкіндік жасау.
Душанбе қаласындағы кездесу халықаралық турдың алғашқы кезеңі болмақ. Болашақта жобаның географиясын кеңейтіп, жаңа елдер мен технологиялық қауымдастықтарды ынтымақтастыққа тарту жоспарланып отыр.