Шымкент мектептерінде оқулық тапшылығы анықталды
Шымкент қаласындағы мектептерде 170 мыңнан астам оқулық жетіспейтіні анықталды. Сонымен қатар 110 мыңнан астам кітаптың тозығы жетіп, пайдалануға жарамсыз күйге түскен. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде мектептердегі кітап қорының шамамен 74 пайызы, яғни 2 миллионға жуық оқулық жаңартуды қажет ететіні белгілі болды.
Мәселен, гимназиялардың бірі 5-сынып оқушыларына арналған ағылшын тілі пәнінен 293 оқулық сұратқанымен, тек 90 кітап алған. Соның салдарынан балалар мұқабасы жыртылған, кейбір беттері жоқ ескі оқулықтармен оқуға мәжбүр болған.
Тексеру барысында соңғы үш жылда мектептерде оқулықтарға толық түгендеу жүргізілмегені және қажеттіліктен аз кітап сатып алынғаны анықталды.
Прокуратураның араласуынан кейін 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді.