Алаяқтар қалай алдайды?
Соңғы екі аптада Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына Telegram арқылы «Саша Савенкоға дауыс бер» немесе «Біздің қыз байқауға қатысып жатыр» деген мазмұндағы хабарламалар жиі келе бастаған. Хабарламаға дауыс беруге арналған сілтеме қоса жіберіледі.
Алайда мұндай өтініштің артында алаяқтар тұруы мүмкін. Сілтемеге өткеннен кейін қаскөйлер пайдаланушының аккаунтына қол жеткізіп, оның байланысындағы адамдарға хабарлама жібере бастайды.
Келесі қадамда олар ақша сұрайды. Мәселен, таныстарына 80 мың теңге қарызға беруді өтініп, кешке дейін қайтаратынын айтуы мүмкін. Егер адам не болғанын сұраса, шоттың бұғатталғанын немесе шұғыл қаржылық қиындық туындағанын алға тартып, ақша аударуға арналған деректемелерді жібереді.
Бұл уақытта аккаунттың шынайы иесі өз парақшасына кіре алмай қалуы мүмкін. Оның атынан кімдермен хат алмасып жатқанын да білмеуі ықтимал.
WhatsApp қолданушылары да сақ болғаны жөн
Полицияның ескертуінше, мұндай алаяқтық Telegram-мен шектелмейді. WhatsApp арқылы да күмәнді сілтемелер таратылуы мүмкін. Оның үстіне, қаскөйлер хабарламаның мәтінін өзгертіп, әртүрлі сылтауларды пайдаланады.
Тағы бір қауіпті тәсіл – фотосуретке қатысты хабарламалар жіберу. Мысалы, танысыңыз «Мына суреттегі сен емессің бе?» деп, сілтемені ашуды ұсынуы мүмкін. Мұндай сілтеме құрылғыға зиянды бағдарламаның енуіне әкелуі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов азаматтарды таныс адамнан келген хабарламаға да бірден сенбеуге шақырды. Ол ақпаратты нақтылау үшін хабарлама жіберген адамға кәдімгі телефон қоңырауы арқылы хабарласуды ұсынды.
Аккаунтты қалай қорғауға болады?
Күмәнді сілтемелерді ашпаңыз, бейтаныс сайттарға жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеңіз. Мессенджердің қауіпсіздік баптауларынан екі сатылы тексеруді қосып, аккаунтыңызға қосылған құрылғыларды тұрақты түрде тексеріп отырыңыз.
Егер танысыңыз шұғыл түрде ақша сұраса, аударым жасамас бұрын оған қоңырау шалып, өтініштің рас екенін анықтаңыз. Ал күмәнді сілтемеге өтіп қойған болсаңыз, аккаунтқа қосылған құрылғылар тізімін тексеріп, өзіңізге белгісіз сеанстарды дереу тоқтатыңыз.
Мамандардың негізгі ескертуі – мессенджердегі таныс адамның аты мен суреті хабарламаның қауіпсіз екеніне кепілдік бермейді. Сондықтан кез келген күмәнді өтінішті басқа байланыс арнасы арқылы тексерген дұрыс.