Қаржы

Қазақстанда жұмыс істейтін аналарға бала күтімі бойынша төлем сақталады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін аналарға бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік төлем отбасының табысы мен әл-ауқат санатына қарамастан төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, отбасы табысы жоғары азаматтар қатарына жатқызылып, А немесе Б санатына енгізілсе де, жұмыс істейтін ана бала күтіміне арналған төлемді алуды жалғастыра алады. Ол үшін әйел міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болуы керек.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап ананың бала бір жарым жасқа толғанға дейін жұмысқа мерзімінен бұрын шығуы төлемнің тоқтатылуына себеп болмайды. Яғни әйел еңбек қызметіне қайта оралса да, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем белгіленген мерзім аяқталғанға дейін сақталады.

Бұл өзгерістер жұмыс істейтін аналардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, отбасылық міндеттер мен кәсіби қызметті қатар алып жүруіне мүмкіндік беруге бағытталған.