Қылмыс

Алматыда қару мен оқ-дәрі жасырылған тайник табылды

Алматыда жедел-алдын алу шарасы кезінде қару мен оқ-дәрі сақталған жасырын орын анықталды. Қазір олардың шығу тегі мен сақталу жағдайы тексеріліп жатыр.

Алматыда экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Медеу аудандық полициясы әріптестерінің көмегімен қару мен оқ-дәрі жасырылған тайникті анықтады. Жасырын орын жеке сектордан «Қару» жедел-алдын алу шарасы кезінде табылған.

Астрахан көшесіндегі үйдің маңынан, жол жиегінен ТОЗ-25 маркалы тегіс ұңғылы мылтықтың кесілген нұсқасы, тапаншаға ұқсас зат және әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер табылды.

Полицияның мәліметінше, бұған қоса гранаталар, соның ішінде жарық-дыбыстық гранаталар және өзге де әлеуетті қауіп төндіретін заттар тәркіленген.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қару мен оқ-дәрілер тиісті сараптамаға жіберілді.

Қазір полиция қарудың қайдан шыққанын, оны кім және қандай жағдайда сақтағанын, сондай-ақ осы іске қатысы бар тұлғалардың бар-жоғын анықтап жатыр.

Бұған дейін ҰҚК полициямен бірлесіп, Қазақстанның 12 өңірінде заңсыз қару айналымын тоқтатуға бағытталған жедел-іздестіру шараларын өткізгені хабарланған болатын. Нәтижесінде 56 қару, 13 граната және 314 оқ-дәрі тәркіленді.