Әлем

Рубио Ақ үй Starlink-ке әдейі шектеу қойды дегенді жоққа шығарды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ақ үй SpaceX-тің спутниктік интернеті бойынша Украинаға әдейі шектеу енгізбегенін айтты. Бұған дейін Владимир Зеленский Starlink жұмысы украин әскері үшін әдейі баяулатылғанын мәлімдеген еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ақ үй SpaceX компаниясының спутниктік интернет қызметін украин әскери күштері үшін шектеуге ешқандай нұсқау бермегенін мәлімдеді. Оның сөзі Украина президенті Владимир Зеленскийдің Starlink терминалдары жоғары жылдамдықпен қозғалатын құрылғыларда әлі де дұрыс жұмыс істемейтінін айтқан мәлімдемесіне қайшы келді.

Соңғы бір аптада украин билігі мен әскерилері дрондарға орнатылған спутниктік интернет терминалдарын пайдалану мүмкіндігі жоғалғанын айтып келеді. SpaceX қызметіндегі ақаулар туралы Украинада өткен апта соңында мәлім болды.

Зеленский сенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, терминалдар жұмыс істей беретін ең жоғары жылдамдық 161 км/сағ екенін айтты. Оның сөзінше, осы межеден кейін Starlink толық өшіп, Украина әскері дроннан айырылып қалады.

Зеленский сондай-ақ мұндай шектеулер салдарынан украин әскері алғы шептегі жауынгерлерге тамақ пен су жеткізу мүмкіндігінен айырылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл дрондармен бақылау күшейген, техника не әскери қызметші өте алмайтын аумақтар үшін өте маңызды.

Осы аптада АҚШ билігі украин әскеріне спутниктік интернет жұмысына шектеу енгізгенін бірнеше рет жоққа шығарды. 16 қазанда Дональд Трамп та журналистердің сұрағына жауап беріп, мұндай шектеулердің себебін білмейтінін айтқан болатын.

Рубио сенбі кешінде Зеленскийдің сөздеріне жауап беріп, шектеу әдейі енгізілмегенін айтты. «Бұл әдейі жасалған жоқ. Бұған біздің қатысымыз жоқ. Starlink жылдамдығын төмендету туралы ешкім ешқандай бұйрық берген жоқ. Солай болып шықты. Бірақ, менің түсінуімше, жүйе қазір қалпына келтірілді. Бәрі бұрынғы қалпына келді», — деді ол.

Рубио сонымен бірге SpaceX-тің Starshield жүйесін атады. Оның айтуынша, бұл — АҚШ армиясы пайдаланатын әскери мақсаттағы өнім, ал Украина үшін ол әзірге қолжетімді емес. «Starshield — мүлде басқа өнім. Ол америкалық армиямен жасалған келісімшарт бойынша жұмыс істейді, Украинаға қатысы жоқ», — деді ол.

Алайда бұған дейін бірқатар БАҚ Украина Starlink пен Starshield-ті де пайдаланып келеді деп жазған. Би-би-си-дің әскери шолушысы Павел Аксенов бұл екі жүйе әртүрлі спутниктерді қолданатынын, алайда ақпарат жеткізу технологиялары бір-біріне ұқсас екенін атап өтеді.