Әлем

Каспийдегі Нордовый аралы құрлықпен қосылып кетуі мүмкін

Каспий теңізінің тартылуына байланысты Ресей аумағындағы Нордовый аралы біртіндеп материкке жалғасып келеді. Соңғы жылдары теңіз деңгейі төмендеп, арал маңында жаңа құрлық бөліктері пайда бола бастаған.

Ресей Каспий теңізіндегі бір аралынан айырылып қалуы мүмкін. Нордовый аралы теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты біртіндеп құрлықпен қосылып келеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Telegram-дағы SHOT арнасына сілтеме жасап.

Ақпаратқа қарағанда, Кизляр шығанағындағы арал соңғы жылдары жағалауға барған сайын жақындай түскен. Су шегініп, шағын арналар кеуіп жатыр, ал арал мен жағалау арасында жаңа жер телімдері пайда болуда. Соңғы бес жылда Каспий деңгейі 1,5 метрге төмендеген.

Егер теңіз дәл осындай қарқынмен тартыла берсе, алдағы 20 жылда су деңгейі тағы 4-5 метрге төмендеуі мүмкін. Ондай жағдайда Нордовый түбегейлі құрлықтың бір бөлігіне айналып, өзге аралдар да жойылуы ықтимал.

Басылым бұрын Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты жаңа арал пайда болғанын жазған еді. Ол Каспийдің солтүстік бөлігінде, Святой аралынан шамамен 500 метр шығыста және Маңғыстау облысындағы Баутино ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан.

Мамандардың айтуынша, соңғы 4-5 жылда Каспийдің солтүстік бөлігінде су деңгейінің төмендеуінен жаңа құрлық аумақтары қалыптаса бастаған. Атап айтқанда, Кулалы, Морской, Святой, Подгорный, Ушарал, Маякшыккан және Долгий аралдары маңында осындай өзгерістер байқалады. Бұл аумақта Каспий итбалықтары мекендейді.