Қаржы

«Самұрық-Қазына» 1,5 млрд долларлық облигациялық бағдарлама жариялады

«Самұрық-Қазына» жылдық облигациялық бағдарламаны жалпы көлемі 1,5 млрд доллар шамасында іске қосуды жоспарлап отыр. Қаражат қордың жалпы корпоративтік мақсаттарына және еншілес компанияларды қаржыландыруға бағытталмақ.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы жалпы көлемі 1,5 млрд доллар болатын жылдық облигациялық бағдарламаны жариялады.

Бағдарлама аясында облигациялар теңгемен, доллармен, еуромен немесе юаньмен шығарылуы мүмкін. Қор олардың айналысқа жіберілуі үшін London Stock Exchange, Hong Kong Stock Exchange, Astana International Exchange және Қазақстан қор биржасы алаңдарына өтінім берген.

Сыйақы мөлшерлемесі бекітілген немесе құбылмалы болуы ықтимал. Еуромен шығарылатын облигациялардың кірістілігі EURIBOR индексіне, ал долларлық облигациялар SOFR көрсеткішіне байлануы мүмкін.

Қор түскен қаражатты жалпы корпоративтік мақсаттарға жұмсауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында еншілес компанияларды қаржыландыру, инвестиция мен экспортты дамытуға қолдау көрсету, сауда қаржыландыруы және қолданыстағы қарыз міндеттемелерін қайта қаржыландыру бар.

2026 жылғы маусымда «Самұрық-Қазына» Astana International Exchange алаңында 1 млрд доллар көлемінде облигация шығарған болатын. Олардың айналыс мерзімі — 1 жыл, сыйақы мөлшерлемесі — 2026 жылғы 25 маусымдағы SOFR мөлшерлемесіне (3,6%) + 0,2%.

Ал бір айдан кейін сол алаңда қор 3 млрд юань көлемінде облигация орналастырды. Бұл облигациялардың айналыс мерзімі — 5 жыл, сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,09%.