Қазақстанда мұқтаж отбасыларды анықтаудың жаңа әдістемесі енгізіледі
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бағалаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді көмек тағайындағанда табыс, мүлік, несие және отбасының әлеуметтік жүктемесі ескеріледі.
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын анықтаудың жаңа әдістемесі қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы СЦК брифингінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев мәлімдеді.
Жаңа тәртіп бойынша әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін тағайындау кезінде үй шаруашылығының материалдық жағдайы мен әлеуметтік жүктемесі бағаланады. Министрдің айтуынша, бұл тәсіл мемлекеттік қолдауды рәсімдік негізде емес, отбасының нақты мұқтаждығына қарай беруге мүмкіндік береді.
«Отбасының мүліктік және әлеуметтік жағдайы бағаланады. Бірде-бір мұқтаж қазақстандық қолдаусыз қалмайды, бұл — әлеуметтік саясаттың негізгі қағидасы», — деді Ертаев.
Министрдің айтуынша, жаңа әдістеме 2026 жылғы 4 қазанда бекітілген. Ол екі бөліктен тұрады: материалдық әл-ауқат және отбасының әлеуметтік тұрақтылығы. 2023 жылдан бері қолданылып келген бұрынғы әдістеме 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жояды.
Бірінші компонент 59 көрсеткішті қамтиды. Бағалау кезінде отбасы мүшелерінің табысы мен жұмыспен қамтылуы, несиелері, мүлкі, көлігі, бизнесінің бар-жоғы, ауыл шаруашылығымен айналысуы ескеріледі.
Анализге қажетті мәліметтер мемлекеттік дерекқорлардан алынады. Азаматтарға қосымша анықтама жинап, мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті болмайды. Бағалау бірыңғай өлшемдер бойынша автоматты түрде жүргізіледі.
Екінші компонент отбасының әлеуметтік жүктемесіне қатысты. Оны есептегенде үй шаруашылығының құрамы, соның ішінде балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар тұлғалардың болуы назарға алынады.
Министрдің сөзінше, табыстың бірдей деңгейі әрдайым бірдей әл-ауқатты білдірмейді. Бағуындағы асырауындағы адамдары көп отбасылар әлеуметтік жүктеме ескерілген кезде төменірек баға алуы мүмкін.
Бағалау нысаны жеке алушы емес, тұтас үй шаруашылығы болады. Есептеу кезінде бір мекенжай бойынша тіркелген отбасы мүшелері, сондай-ақ қолданыстағы тәртіпке сәйкес бірге тұратын туыстар мен басқа да адамдар ескеріледі. Жалғызбасты ата-аналар мен отбасы мүшелері бөлек тұратын жағдайлар да жеке қаралады.
Жаңа әдістеме барлық әлеуметтік көмек түрлеріне бірдей қолданылмайды. Ертаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін 36 әлеуметтік көмектің 22-сі бұрынғы тәртіппен сақталады.