Келісім берілмесе, әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылуы мүмкін
Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындау кезінде банктерден азаматтардың табысы мен шығысы туралы дерек сұрату қарастырылып жатыр. Келісім беруден бас тартқан жағдайда әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев банктік деректерді ашудан бас тартқан жағдайда әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылуы мүмкін екенін айтты.
Министрлік екінші деңгейлі банктермен интеграция жүргізіп, әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың табысы мен шығысы туралы мәлімет алуды көздеп отыр. Вице-министр Бахтияр Жазыкпаевтың айтуынша, отбасының әрбір мүшесі жеке деректерді өңдеуге келісім беруі тиіс. Осыдан кейін ғана қаржы ұйымдары банк құпиясын ашуға құқылы болады.
«Бізде заңда мұндай норма қарастырылған: келісім берілмесе, әлеуметтік төлем уақытша тоқтатылады, кейін оның себебі анықталады. Бұл жерде министрлік өкілі мен азамат арасында диалог болады», – деді Аскарбек Ертаев СЦК-дегі брифингте.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақы отбасының мұқтаждығына қарай тағайындала бастайды. Бұл шектеу А және B санатындағы алушыларға қатысты болады. Тізімге, атап айтқанда, бала тууға берілетін жәрдемақы, бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін төлем және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы енгізілген. Кейбір алушылар топтары үшін ерекшеліктер қарастырылған.
Қолданыстағы отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесінде А немесе B санатына автоматты түрде жатқызу үшін бірыңғай табыс шегі жоқ. Нәтиже барлық өлшемшарт бойынша жиналған жалпы балға байланысты анықталады. А санаты үшін кемінде 1800 балл жинау қажет, ал B санаты 730-дан 1799 балға дейін белгіленген.