Әлем

Зеленский: Трамппен тіл табысу Путиннен де күрделірек

Владимир Зеленский Брюссельде Еуроодақ басшыларымен кездесіп, Украина мен Еуропаның Ресеймен келіссөз жүргізудің жеке арнасын құру мүмкіндігін талқылағанын айтты. Ол Дональд Трамптың өзіне қатысты мәлімдемелеріне жауап беріп, Ресей президенті Владимир Путин бейбіт келіссөзге мүдделі емес екенін жеткізді.

Украина президенті Владимир Зеленский жұма күні Брюссельде Еуроодақ басшылығымен кездесті. Кездесуден кейін ол Украина мен еуропалық серіктестер Ресеймен келіссөз жүргізудің, АҚШ-тан бөлек, өз арнасын құру мәселесін талқылап жатқанын айтты.

«Еуропа өз арнасын қалыптастыру үшін бірқатар қадам жасап жатыр. Ол, сөзсіз, ең алдымен біздің мүддемізді білдіруі тиіс. Сондай-ақ біз ресейліктермен сөйлесе алатын формат табуымыз керек. Сондықтан мұның бәрі міндетті түрде болады деп ойлаймын», — деді Зеленский Антониу Кошта мен Урсула фон дер Ляйенмен өткен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында.

Зеленский әлеуметтік желілерде де Еуроодақтың Украинаға көрсететін көмегін талқылағанын жазды. Оның айтуынша, әңгіме, ең алдымен, энергетика мен әуе қорғанысына қажетті қолдау туралы, сондай-ақ келесі жылға арналған қаржылық тұрақтылықты сақтау жайында болған.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ Ресей соғысты тоқтатпайынша, санкцияларды алып тастамайтынын тағы да мәлімдеді. Бұл арада Дональд Трамп әкімшілігі өткен аптада Ресей дизеліне салынған америкалық санкцияларды уақытша алып тастаған еді.

Трамп жақында өтуі тиіс аралық сайлау алдында жанармай бағасын төмендеткісі келетінін айтқан. Ол бағаның қымбаттауына Украина тарапынан Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған соққылар әсер етіп отыр деп санайды. Алайда оның сыншылары мұны жоққа шығарып, әлемдік мұнай бағасының өсуіне АҚШ-тың Иранмен соғысы себеп болғанын алға тартады.

Трамп бейсенбі күні Newsmax арнасына берген сұхбатында да осы пікірін қайталады. «Мен Зеленскийдің тоқтағанын қалаймын, Путиннің де тоқтағанын қалаймын. Егер Зеленский тағы да мұнай өңдеу зауыттарына соққы беріп жатыр десеңіз, оның нәтижесі тек әлемдік мұнай бағасының қымбаттауы ғана болады. Мен мұны масқара деп санаймын», — деді ол.

Сол сұхбатында Трамп Зеленский соғысты аяқтауға келіспей отыр деп те мәлімдеді және Украина президентіне қарағанда Владимир Путинмен жұмыс істеу өзіне жеңілірек екенін айтты. Брюссельде осы сөздерге жауап берген Зеленский: «Мен Трамппен оған қарағанда қиын ба? Ал онымен Путинге қарағанда жеңіл ме? Маған — Трамппен», — деді.