Әлем

Пәкістандағы мектеп шатыры опырылып, 34 адам қаза тапты

Пешавардағы жекеменшік мектепте шатыры құлап, кемінде 34 адам көз жұмды. Құтқарушылар үйінді астында әлі де балалар қалуы мүмкін екенін айтады.

Пәкістанның Пешавар қаласында бейсенбі күні мектептің шатыры опырылып, кемінде 34 адам қаза тапты.

Пешавардағы Леди Рединг ауруханасының өкілі Мұхаммад Асимнің айтуынша, қаза тапқандар арасында 32 оқушы бар: 20 ұл және 12 қыз, сондай-ақ бір мұғалім әйел қайтыс болған. Бұған қоса, Пешавардағы Насирулла Хан Бабар мемориалдық ауруханасы бір баланың көз жұмғанын хабарлады.

Ғимараттан 20 оқушы шығарылған, олардың үшеуі ауыр жарақатпен ауруханада жатыр. Қаза тапқан және жараланған балалардың жасы 6 мен 12 аралығында, көбінің басынан жарақат алғаны айтылды.

Құтқарушылардың болжамынша, қираған құрылымның астында тағы да балалар болуы мүмкін. Пешавар полициясының басшысы Миан Саидтың айтуынша, мектепте 110 оқушы болған.

Оқиға Хайбер-Пахтунхва провинциясының астанасы Пешавардың солтүстігіндегі Дир-Колони ауданында орналасқан жекеменшік «Әл-Хаир білім беру орталығы» мектебінде болған. Құтқару қызметінің өкілі мектепте үшінші қабаттың үстіндегі шатыр құлап, ол екінші және үшінші қабаттың арасындағы жабынға түскенін, содан кейін екеуі бірге сыныптардағы оқушылардың үстіне опырылғанын айтты.

Апаттың нақты себебі әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Алайда Саидтың айтуынша, ғимараттың конструкциясы әлсіз болған.

«Бұл әлсіз құрылыс. Шатыр тым ауыр болып, әлсіз конструкцияға сүйенген, соның салдарынан құлады», — деді Саид Reuters агенттігіне.

Хайбер-Пахтунхва провинциясының губернаторы Файсал Карим Кунди өңірдегі барлық мектеп ғимараттарына тексеріс жүргізуді тапсырды. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф қаза тапқандардың отбасылары мен жараланғандарға көңіл айтты, ал президент Асиф Әли Зардаридің кеңсесі бұл қайғылы жағдайдың бүкіл елді дүр сілкіндіргенін хабарлады.