Токаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқанын айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен COP17 саммитінде «Таза Қазақстан» акциясының маңызы туралы айтты. Мемлекет басшысы бұл бастама экологиялық мәдениетті нығайтып, қоғамның өмір салтына әсер етіп жатқанын атап өтті.
«Таза Қазақстан» акциясы тек тазалықты сақтау шарасы шеңберінде қалып қоймай, жалпыұлттық идеологияға айналып келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі COP17 көшбасшылар саммитінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұрғанын және елдің табиғаты алуан түрлі екенін еске салды. Оның айтуынша, осынау табиғи мұраны сақтау — халық алдындағы міндет әрі халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілік.
«Бұл ұстаным Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Еліміз тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттілігіміздің іргелі қағидаттарының бірі ретінде Конституцияда бекітілді. Енді азаматтар табиғатты сақтап, оның ресурстарына ұқыпты қарауға міндетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекет мақсаттарының бірі ретінде айқындалғанын айтты. Оның сөзінше, табиғи мұраны сақтау экономикалық ілгерілеумен қатар жүргізілуі тиіс.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды іс жүзінде жүзеге асырып отыр. Тоқаевтың айтуынша, бұл бастама экологиялық тазалықпен шектелмей, азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына да ықпал етіп, жалпыұлттық идеологияға айналып келеді.