Ақтөбе облысында екі бопсалаушы ұсталды
Ақтөбе облысында екі бопсалау дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Хромтауда шахтада жұмыс істейтін азаматтан 500 мың теңге талап етіп, күш қолданумен қорқытқан күдікті ұсталды. Ал Ақтөбеде ер адам бұрынғы сүйіктісінен 700 мың теңге талап етіп, интимдік видеоларын жариялаймын деп қорқытқан. Екі күдікті де ақша алып жатқан сәтте қолға түсті. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Хромтаудағы оқиғаға шахтада жұмыс істейтін азаматтың танысы, жас жаттықтырушы қатысы болуы мүмкін. Ол танысынан 500 мың теңге талап етіп, ақша бермеген жағдайда күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Екінші жағдай Ақтөбе қаласында тіркелген. Мұнда күдікті бұрын қарым-қатынаста болған әйелден 700 мың теңге талап еткен. Тергеу мәліметінше, ол әйелдің интимдік сипаттағы видеоларын туыстары мен таныстарына көрсетемін деп қорқытқан.
Екі күдікті де ақша алып жатқан сәтте ұсталған. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр.
Аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғалардың мән-жайы анықталуда.