Астана мен Алматы әуежайларында жалған құжатпен өтпек болған 19 шетелдік ұсталды
2026 жылдың қыркүйек және қазан айларында Қазақстан шекарасынан жалған құжаттар арқылы өтуге әрекет жасаған 19 шетел азаматы анықталды. Мұндай деректер Астана мен Алматының халықаралық әуежайларында тіркелген. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) мәліметінше, шетелдіктердің басым бөлігі жалған визалар мен басқа адамдардың жеке деректері көрсетілген құжат бланкілерін пайдаланған.
«Құқық бұзушылардың көпшілігі жалған визалар мен үшінші тұлғалардың деректері енгізілген құжат бланкілерін пайдаланған», – деп хабарлады ведомство.
Аталған фактілер бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. ҰҚК оқиғаға қатысты өзге де мәліметтерді жарияламады.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда мемлекеттік шекараны жалған құжаттар арқылы кесіп өтуге қатысты осындай 358 құқық бұзушылықтың жолы кесілген.