Әлем

Ыстамбұлды нөсер жаңбыр басты: екі адам қаза тауып, мектептерде сабақ тоқтатылды

Түркияның Ыстамбұл қаласында толассыз жауған жаңбыр салдарынан ауқымды су басу оқиғалары тіркелді. 14 жастағы жасөспірім мен 34 жастағы ер адам көз жұмды. Су тұрғын үйлерге, дүкендер мен жолдарға жайылып, билік білім беру ұйымдарындағы сабақты уақытша тоқтатты. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Ыстамбұлда жауған қатты жаңбыр қала инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келтірді. Көшелерді су басып, тұрғын үйлерге, сауда орындарына және көлік нысандарына су кірген. Кейбір аудандарда су ағынының қатты болғаны соншалық, көшеде тұрған көліктерді де орнынан жылжытқан.

Табиғи апат салдарынан екі адам қаза тапты.

Балат ауданында 14 жастағы жасөспірім электр тогына ұрынып көз жұмған. Түркиялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол жеке автотұрақтың кіреберісіндегі шалшық суға түскен кезде тоқ соққан. Бала есінен танып, ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Тағы бір қайғылы жағдай Сарыер ауданында болған. 34 жастағы ер адам су басқан көшеден өтпек болып, тайып құлаған кезде басын бордюрге соғып алған. Ол судан өздігінен шыға алмаған. Кейін ауруханада көз жұмған.

Мыңнан астам су басу оқиғасы тіркелді

Төтенше қызметтердің мәліметінше, қолайсыз ауа райына байланысты 2,5 мыңнан астам хабарлама түскен. Мамандар 1,2 мыңнан астам су басу оқиғасы мен 15 көшкінді тіркеген.

Су тұрғын үйлерге, коммерциялық нысандарға және көліктерге зиян келтірген. Апат салдарын жоюға мыңдаған құтқарушы мен коммуналдық қызмет мамандары жұмылдырылды.

Мектептерде сабақ тоқтатылды

15 қазан, бейсенбі күні Ыстамбұл билігі білім беру ұйымдарында сабақты уақытша тоқтатты. Қала губернаторы Давут Гүл тұрғындарды аса қажеттілік болмаса, сыртқа шықпауға шақырды.

Жертөле қабаттарында тұратын адамдарға қауіпсіздік үшін уақытша жоғарғы қабаттарға көшу ұсынылды.

Табиғи апат Түркияда жүрген қазақстандықтарға да әсер етті. Қазақстандық студенттер әлеуметтік желілерде нөсер жаңбырдың салдарын көрсететін видеолар жариялап жатыр. Олардың жазуынша, су студенттер тұратын жатақханаға да кірген.