«Байлар өз күшіне сенуі керек»: Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді
Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгереді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдау шараларын азаматтардың белгілі бір санатқа жатуына қарай емес, нақты мұқтаждық деңгейіне байланысты ұсыну көзделіп отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Қазақстан Үкіметі әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарауды жоспарлап отыр. Жаңа тәсіл бойынша мемлекеттік көмектің басым бөлігі өмірлік жағдайына байланысты өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға бағытталмақ. Яғни әлеуметтік мәртебенің болуы ғана емес, адамның нақты қаржылық жағдайы да ескеріледі.
Құрылтай отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қазіргі қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы жүйеде табыс деңгейі әртүрлі азаматтар бірдей әлеуметтік шараларды алуы мүмкін.
«Көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл — әділетсіздік», — деді Үкімет басшысы.
Ол өз қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті мүмкіндігі бар азаматтар ең алдымен өз күшіне сүйенуі керек екенін атап өтті. Ал мемлекет көмегі тұрмыстық қиындыққа тап болып, өзін қамтамасыз етуге қауқарсыз адамдарға көрсетілуі тиіс.
Үкіметтің жаңа ұстанымы бойынша, әлеуметтік төлемдер тек уақытша қаржылай қолдау құралы болып қалмауы керек. Көмек алушылардың экономикалық белсенділігін арттырып, оларды біртіндеп дербес табыс табуға және мемлекеттік қолдауға тәуелділіктен шығуға ынталандыру көзделіп отыр.
Үкіметтің есебінше, реформаның 2027 жылы беретін экономикалық тиімділігі 700 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Ал үш жыл ішіндегі күтілетін нәтиже шамамен 2,5 трлн теңгені құрайды.
Босаған қаражатты қоғам үшін маңызды басқа бағыттарға жұмсау жоспарланған. Олардың қатарында денсаулық сақтау мен білім беру инфрақұрылымын жаңғырту да бар.
Осылайша, Қазақстан әлеуметтік көмек көрсетуде азаматтың белгілі бір санатқа жатуын ғана емес, оның нақты мұқтаждық деңгейін негізге алуға көшпек. Жаңа жүйенің көмекті шын мәнінде қажет ететін азаматтарды қаншалықты дәл анықтайтыны және қаражаттың әділ бөлінуіне қалай әсер ететіні реформаны іске асыру барысында айқындалады.