Медицина

Қазақстанда шошқа тұмауының бес жағдайы тіркелді

Қазақстанда шошқа тұмауының бес жағдайы анықталды. Оның үшеуі Астанада, екеуі Маңғыстау облысында тіркелген. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай мамандардың бақылауында, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Шошқа тұмауы — тұмау вирусының бір түрі. Ауру кенет басталып, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, қалтырау және жалпы әлсіздікпен қатар жүруі мүмкін. Сондай-ақ науқастың бұлшықеті мен буындары ауырып, жөтел, тамақ ауруы және мұрыннан су ағу белгілері байқалады. Кей жағдайда көзді қозғалтқанда ауырсыну да болуы ықтимал.

Мамандардың айтуынша, инфекция асқынып, вирустық пневмонияға және басқа да ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Пневмония кей науқастарда аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін 3–5 күн ішінде дамуы ықтимал.

Дәрігерлер дене қызуы көтеріліп, жалпы жағдай нашарлаған кезде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Өздігінен емделмей, маманның нұсқауын орындау маңызды.

Аурудың таралу қаупін азайту үшін қолды жиі жуу, бөлмені желдету, адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау және ауру белгілері байқалған жағдайда өзгелермен байланысты шектеу ұсынылады.