Жүргізушілерге ескерту: тағы төрт жолда орташа жылдамдық есептеледі
Қазақстанда 13 қазаннан бастап тағы төрт ақылы автожол учаскесінде көліктердің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі жұмыс істей бастады. Осылайша, бақылау жүргізілетін жол учаскелерінің саны 11-ден 15-ке дейін артты, деп хабарлайды Newsroom.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Жаңа жүйе мына бағыттарда іске қосылды:
• Орал – Ресей шекарасы (Самара);
• Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор);
• Қостанай – Денисовка;
• Қандыағаш – Мақат.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, аталған учаскелердегі бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өткен. Жүйе жылдамдықты асыру деректерін автоматты түрде тіркеп, ақпаратты Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің процессинг орталығына жібереді.
2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Оның 550 мыңы орташа жылдамдықты асыруға, ал 163,5 мыңы нақты нүктедегі жылдамдықты асыруға қатысты.
Еске салайық, Қазақстанның республикалық автожолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бастап енгізіле бастады. Бұған дейін ол жалпы ұзындығы шамамен 3 мың шақырым болатын 11 ақылы жол учаскесінде жұмыс істеген.
Жүйе көліктің бақылау камералары орнатылған екі нүктеден өту уақытын және олардың арасындағы қашықтықты есептеу арқылы орташа жылдамдықты анықтайды. Сондықтан жүргізушілер камераның алдында ғана жылдамдықты төмендетіп, кейін қайта үдету арқылы бақылаудан жалтара алмайды.