Мәслихат депутаттарын сайлау 29 қарашаға жоспарланды
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді. Бұл туралы Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы сайлауда еліміздің 228 мәслихатындағы 3 447 депутаттық мандат сарапқа салынады. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатта – 668, 38 қалалық мәслихатта – 626, ал 170 аудандық мәслихатта 2 153 депутат сайланады.
Кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Ал партиялық тізімдер мен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-ге дейін жүргізіледі.
Еске салайық, 12 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру тапсырылды.