Аймақтар

Түркістанда қоғамдық құндылықтарды дамыту жоспары бекітілмек

Түркістан облысында 2026–2030 жылдарға арналған ішкі саясат пен қоғамдық құндылықтарды дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Құжат тарихи мұраны дәріптеу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және адал еңбек қағидаттарын насихаттауды көздейді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында ішкі саясат саласындағы міндеттер мен жаңа бастамалар талқыланды. Облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева негізгі бағыттар бойынша баяндама жасады.

Жаңа тұжырымдама «Тұран төріндегі текті өлке» идеясына негізделген. Ол өңірдің тарихи-мәдени мұрасын танытуға, қоғамда кітап оқуға қызығушылықты арттыруға, тазалық пен адал еңбек құндылықтарын орнықтыруға бағытталған.

Жиында азаматтық қоғаммен байланысты нығайту, ұлттық және мемлекеттік мерекелерді мазмұнды өткізу, этносаралық келісімді сақтау мәселелері де қаралды.

Облыс әкімі жауапты басқарма мен аудан-қала әкімдіктеріне ішкі саясат жұмысын жүйелеуді, ақпараттық-түсіндіру шараларын күшейтуді және тұжырымдамада белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.