Қазақстанда 17 мың адам ағза доноры болуға келіскен
Қазақстанда 17 158 азамат қайтыс болғаннан кейін ағзаларын трансплантация үшін пайдалануға келісім берген. Ал 167 мыңнан астам адам донор болудан бас тартқан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 184 мыңнан астам қазақстандық өз таңдауын электрондық үкімет порталы (eGov) арқылы тіркеген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ағза трансплантациясын күтіп жүрген 5 мыңға жуық пациент бар. Оларға донорлық ағзалар қажет.
Азаматтар қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін немесе қарсылығын eGov порталы арқылы тіркей алады. Бұл шешімді кейін өзгертуге де мүмкіндік бар.
Мамандардың айтуынша, ағза донорлығы трансплантацияға мұқтаж науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Дегенмен ағзаны алу мен трансплантация жасау қолданыстағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.