Қаржы

Несие алған соң екі апта ішінде бас тартуға мүмкіндік беріледі

Қазақстанда 12 қазаннан бастап азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие алғаннан кейін 14 күн ішінде одан бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа ереже күшіне енді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Жаңа тәртіп тұрғын үй, көлік немесе басқа мүлікті кепілге қоймай рәсімделген несиелерге қатысты. Егер азамат несие алғаннан кейін шешімін өзгертіп, одан бас тартқысы келсе, белгіленген 14 күн ішінде банкке өтініш бере алады.

Сонымен қатар несие рәсімдеу кезінде қосымша сақтандыру қызметі алынған болса, клиент одан да бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда сақтандырудың пайдаланылмаған мерзіміне тиесілі қаражат қайтарылады. Алайда банк немесе микроқаржы ұйымы қызмет көрсетуге жұмсалған нақты шығындарын ұстап қалуы мүмкін.

Жаңа талап бойынша, банк несие бермес бұрын клиентке 14 күн ішінде одан бас тарту құқығы бар екенін, қайтарылатын соманың мөлшерін және несие шарттарын түсіндіруге міндетті.

Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары азаматтарды несие алуға немесе қосымша ақылы қызметтерді рәсімдеуге мәжбүрлей алмайды.