«Рейчел» дауылы АҚШ-та үйлерді қиратты
АҚШ-тың оңтүстік-батысында «Рейчел» тропикалық дауылының салдары ауыр болды. Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында алып толқындар жағалаудағы үйлерге зақым келтіріп, жағажай бойындағы ағаш серуендеу жолының бір бөлігін шайып кеткен. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Los Angeles Times басылымының мәліметінше, Лонг-Бичте мұхит суы жағалаудағы қорғаныс бөгетінен асып, тұрғын үйлер мен көшелерге жайылған. Қала билігінің дерегінше, 13 мекенжайдағы ғимараттар қауіпті деп танылып, тағы бір үй тұруға жарамсыз болған. Құтқару және коммуналдық қызметтер жағалауды қорғау үшін құмнан бөгеттер тұрғызған.
Дауылдың салдары Калифорнияның өзге жағалау аймақтарында да сезілді. Ньюпорт-Бичте толқындар көшелерді су басуына себеп болып, жағажайлар мен кейбір нысандар уақытша жабылды. Қауіптің күшеюіне толқындардың биіктігі мен теңіз деңгейінің көтерілуі қатар әсер еткен.
«Рейчелдің» қалдықтары құрлыққа қарай жылжыған кезде Калифорния, Аризона және Невада штаттарында нөсер жауын жауды. Лас-Вегаста 11 қазанда таңертеңге дейін 27 миллиметрден астам жауын-шашын түсіп, осы күнге арналған тәуліктік рекорд жаңарды. Қаланың кейбір бөлігінде су басу тіркелді.
Метеорологтардың мәліметінше, Калифорния жағалауында қатты толқын мен су басу қаупі бірнеше күн бойы сақталуы мүмкін. Мамандар тұрғындарды жағалауға жақындамауға және ауа райына қатысты ескертулерді қадағалауға шақырды.