Әзербайжанда хиджабқа қатысты дау өршіді
Әзербайжанда мектепке хиджабпен келген оқушыларды сабаққа кіргізбеуге байланысты наразылықтар өршіді. Жаңа мектеп формасына қарсы өткен акциялардан кейін 37 адам ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
21 қыркүйекте Әзербайжан үкіметі мемлекеттік мектептердегі оқушылардың киім үлгісіне қатысты ережелерді өзгертті. Жаңа талаптар бірыңғай мектеп формасын бұзатын немесе зайырлы білім беру қағидаттарына қайшы келетін киім элементтерін шектейді. Құжатта хиджабқа тікелей тыйым салынбағанымен, кейбір мектептерде орамал таққан оқушыларды сабаққа кіргізбегені туралы шағымдар түскен.
Наразылықтар Баку қаласында және елдің өзге де аймақтарында өтті. Оқушылар мен ата-аналар балалардың діни киім кигені үшін білім алу құқығы шектелмеуі керектігін айтты. Кейбір мектептерде оқушылар сабаққа қатысудан бас тартқан.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, наразылық кезінде тәртіп бұзу оқиғалары да тіркелген. Бакудің Гарадаг ауданында мектеп директорының көлігі өртенген, ал Ясамал ауданындағы мектептердің бірінде өрт қою әрекеті болған. Сондай-ақ білім беру мекемелеріне материалдық залал келтірілгені хабарланды.
Әзербайжан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталғандар мектеп қызметкерлерімен жанжал шығарып, оқу орындарының қалыпты жұмысына және көлік қозғалысына кедергі келтірген. Оларға қатысты қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты Қылмыстық кодекстің 233-бабы бойынша іс қозғалған.
Елдегі дау жаңа ережелердің қалай қолданылатынына қатысты сұрақтарды да туындатты. Құжатта хиджаб нақты аталмағандықтан, діни киімге қатысты шектеудің құқықтық негізі мен оны мектептерде қолдану тәртібі жөнінде пікірталас жалғасып жатыр.