Жаңалықтар

Енді жедел жәрдемнің қайда келе жатқанын бақылай аласыз

13 қазаннан бастап Қазақстанда жедел жәрдем бригадасының қай жерде келе жатқанын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін жаңа тәртіп күшіне енді. Шақыртуға медициналық бригада бекітілгеннен кейін азаматтарға картаға сілтемесі бар SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Жаңа тәртіпке сәйкес, жедел жәрдем шақырған адам медициналық бригаданың орналасқан жерін картадан нақты уақыт режимінде бақылай алады. Бұл үшін автоматтандырылған жүйе бригада туралы ақпаратты геосервиске жібереді.

Сонымен қатар жедел медициналық көмек көрсету тәртібіне басқа да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін кейбір шақыртуларға емханалардың мобильді бригадалары қызмет көрсетеді. Олар пациенттің тіркелген емханасына қарамастан, өз аумағында көмек көрсете алады.

Жаңа талаптар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін де қамтиды. Жедел жәрдем және мобильді бригадаларды рациялармен, кеудеге тағылатын бейнетіркеу құрылғыларымен және мобильді камералармен жабдықтау көзделген.

Өзгерістер ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі №125 бұйрығымен бекітілген.