Смарт-жүйе арқылы қазақстандықтарға 322 млрд теңге салық қосымша есептелді
Қаржы вице-министрі Асет Тұрысов Smart Data Finance жүйесі арқылы камералдық бақылау нәтижесінде 322 млрд теңге салық қосымша есептелгенін айтты. Жүйеде 20,4 млн жеке тұлға, 584 мың заңды тұлға және 1,9 млн жеке кәсіпкердің цифрлық профилі жасалған.
Қаржы вице-министрі Асет Тұрысов СЦК алаңында өткен брифингте Smart Data Finance жүйесі арқылы қанша салық қосымша есептелгенін айтты. Оның сөзінше, бұл жүйе мемлекеттік қаржы саласындағы деректерді жинақтайтын «ми» іспетті жұмыс істейді.
Smart Data Finance-ке салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы ақпарат ішкі және сыртқы 80 дереккөзден түседі. Жүйе жаңа Салық кодексі нормаларына сай жұмыс істеп, соның негізінде салық автоматты түрде есептеледі.
Вице-министрдің айтуынша, камералдық бақылау қорытындысы бойынша 322 млрд теңге салық қосымша есептелген.
Сонымен бірге жүйеде 20,4 млн жеке тұлғаға, 584 мың заңды тұлғаға және 1,9 млн жеке кәсіпкерге цифрлық профиль қалыптастырылған.
Министрлік алдағы уақытта декларацияларды алдын ала толтыруды кеңейтуді, камералдық бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйелерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ бюджет кірістері мен шығыстарын жасанды интеллект көмегімен болжау көзделіп отыр.