Запорожьеге жасалған әуе соққысынан кемінде 15 адам қаза тапты
Ресейдің Запорожье қаласына жасаған шабуылынан кемінде 15 адам, соның ішінде үш бала көз жұмды. Қираған тұрғын үй астында әлі де адамдар қалып қоюы мүмкін.
Ресейдің Украинадағы Запорожье қаласына тастаған бес сырғымалы бомбасының салдарынан кемінде 15 адам қаза тапты, олардың арасында үш бала бар. Бұл туралы президент Владимир Зеленский мен төтенше қызметтер хабарлады.
Соққы сенбі күні таңертең қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі тұрғын үйлерге түскен. Тағы кемінде 16 адам жараланған, ал із-түзсіз жоғалғандар әлі де бар. Құтқарушылар олардың бір бөлігі үйінді астында қалуы мүмкін деп отыр.
Запорожье қаласының мэрінің міндетін атқарушы Регина Харченко оқиға орнынан сөйлеп, көпқабатты тұрғын үйдің алғашқы қабаты қирап, үстіңгі қабаттар түгелдей опырылғанын айтты.
«Біздің ең кішкентай тұрғындарымыз да қаза тапты, бұл қала үшін де, олардың отбасылары үшін де ауыр қайғы», деді ол украин теледидарына берген сұхбатында. Оның айтуынша, іздеу-құтқару жұмыстарына 80-нен астам маман тартылған, олар күні бойы жалғасады.
Зеленский түн ішінде Украинаның тағы 13 облысы атқыланғанын айтты. Ол X желісіндегі жазбасында:
«Ресей кез келген қысымның бәсеңдеуін соғысты жалғастыра беруге болады деген белгі ретінде қабылдайды. Соғысты тоқтату керек, ол үшін Ресей өз шығынын сезінуі тиіс»деп жазды.
Запорожье — 700 мыңнан астам тұрғыны бар ірі өңірлік орталық. Қала майдан шебінен 16 шақырымға жетпейтін қашықтықта орналасқан және Ресейдің дрондары мен зымырандарының жиі нысанасына айналып келеді.