Жаңаөзеннен Түрікменстанға дейінгі жол қысқарады
Маңғыстау облысында Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталған соң бұл бағыттағы жол жүру уақыты 7 сағаттан 2–2,5 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жөндеу республикалық маңызы бар «Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан Республикасы шекарасы» автожолының 179–229-шақырымдары аралығында жүргізілуде. Жаңартылып жатқан учаскенің ұзындығы – 50 шақырым.
2026 жылғы 29 қыркүйектегі ақпаратқа сәйкес, учаскеде жер жұмыстары орындалып, 50 шақырымға жуық аумақта геотекстиль мен қиыршық тас-құм қоспасы төселген. Сонымен қатар 47,5 шақырымда жол негізінің жоғарғы қабаты, 38 шақырымда ірі түйіршікті асфальтбетон жабыны салынған.
Жобаның негізгі мақсаты – жолдың өткізу қабілетін арттырып, халықаралық транзиттік байланысты жақсарту. Жаңартылған бағыт Қазақстанның Түрікменстан және Иранмен жүк тасымалын дамытуға, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағына қатынауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін оның өткізу қабілеті шамамен екі есе артады деп жоспарланып отыр.