Аймақтар

Павлодарда сотталғандар PlayStation ойнаған

Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде сотталғандарға тыйым салынған заттардың ірі партиясы анықталды. Олардың арасында Sony PlayStation ойын приставкасы да бар. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Тексеруді Павлодар облысының прокуратурасы жүргізген. Нәтижесінде мекемелердің бірінен 15 смартфон, алты Wi-Fi роутер, сымды және сымсыз құлаққаптар, USB кабельдер, флеш-карталар, Sony PlayStation ойын приставкасы және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленді.

Аталған дерек бойынша облыстық прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабы — «Салғырттық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Қазір тергеу тыйым салынған заттардың режимдік нысанға қалай жеткізілгенін, қандай жолдармен кіргізілгенін және оған кімдердің қатысы барын анықтап жатыр.