Қазақстанда жаңа коллекциялық монета сатылымға шығады
Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан ниобий қосылған «Nb (ниобий)» коллекциялық монетасын таныстырды. Монета 12 қазаннан бастап Ұлттық банктің интернет-дүкенінде сатылымға шығады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Коллекциялық монета 925 сынамалы күмістен жасалған және құрамына ниобий металы енгізілген. Оның салмағы – 32,8 грамм, номиналы – 1 000 теңге. Жалпы 1 000 дана шығару жоспарланған.
Ниобий – металлургияда, электроникада, аэроғарыш және атом өнеркәсібінде қолданылатын сирек металл. Ол өзінің ерекше физикалық және химиялық қасиеттерімен ерекшеленеді.
Жаңа монета Қазақстанның табиғи байлығын дәріптеуге арналған «Қазақстанның жер қойнауы» сериясын толықтырады.